Марафон туралы

«Ұлы Дала Жорығы» («Тур Великой Степи» – орысша) – Қазақстан аумағында өткізілетін, ал жалпы қашықтығы 1300 шақырымды құрайтын әлемдегі тұңғыш ат марафоны. Марафон Қазақстанның бос жатқан ен даласында, шөлейт жерлерінде, яғни ауа-райының күрт құбылуы жиі орын алатын климаттық аймақтарында, температура айырмашылығының табиғи жағдайында өткізіледі.

Марафонның бірегей ерекшелігі – жалпы сынақ уақытына арналған жарысты өткізудің командалық принципі. Марафон  тұңғыш рет Қазақстанда 1200 шақырымға 2022 жылдың 18-29 қыркүйек аралығында , 5 облыс (Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстары) аумағында өтті.

Жалпы ақпарат

Идеяның авторы – медиа-менеджер Тұрлыбеков Бақытжан Жұмағалиұлы.

«Ұлы Дала Жорығы» нағыз көшпенділердің құндылықтарын – бостандықты, қозғалысты, табиғатпен үйлесімділік пен бірлікті, төзімділікті, саналы тұтынуды (өзіммен бірге тек ең қажеттіні аламын), өзгеге көмектесіп, қуанышыңмен бөлісу қабілетін насихаттайды. Бұның барлығы көшпенділердің мәдени кодын айшықтайды.

Былтыр жорық тұңғыш рет командалық принцип бойынша жалпы сынақ мерзімінде өткізілген болатын. Командалар 5 шабандоздан және 10 жылқыдан (1 шабандозға 2 жылқы) тұрды. Қатысушылар 12 күнде 1200 шақырым қашықтықты бағындырды. Марафон 12 кезеңге (12 күнге) бөлінді. Әр кезең 100 шақырымнан тұрды. Шабандоздарға марафон қашықтығының жартысы еңсерілгеннен кейін, яғни 600 шақырымда жылқыны ауыстыруға рұқсат берілді. Осылайша, әр команданың жеке уақыты белгіленді. Барлық 12 кезеңнің қорытындысы бойынша 1200 шақырымды ең аз  уақыттың ішінде жүріп өткен Маңғыстау облысының командасы марафон-бәйгенің жеңімпазы атанды.

Марафон бағыты

Марафон Астана қаласынан бастау алады. Бұдан әрі марафон оңтүстік бағытта жүріп, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтиды.
Жорықтың бағыты елді мекендерден қашық, яғни дала жағдайында өтеді. Келесі бағыт – Бетпақдала. Ал қатысушылар нағыз спартандық жағдайда, яғни шатырлы қалашықтар мен бивактарда тұрады.
Марафон Қазақстанның рухани астанасы – Түркістан қаласында өз мәресіне жетеді.

Жылқыларға қойылатын талаптар

Жануарларды шамадан тыс болдырудан қорғау үшін ауыспалы жылқының болуы міндетті шарт болып табылады.

Жарысқа 6 жастан асқан жылқыларға рұқсат етіледі. Лактацияға ұшыраған, сондай-ақ құлынды биелердің қатысуына жол берілмейді. Жорыққа қатысатын барлық жылқылар көрсетілімге шабандоздың немесе команда капитанының сүйемелдеуімен (екі адамнан аспайтын) тізгінде немесе тізгінсіз, ер-тоқымсыз, балақбаусыз және бинттерсіз шығарылуы керек. Әр кезеңнің 50 және 100 шақырымдық белгісінде ветеринарлық бақылау ұйымдастырылады. Кезеңдердің басында жылқыларға ветеринарлық тексеру жүргізіледі. Әр кезеңнің басында ветеринарлық бақылау тек мұқтаж жылқылар үшін жүзеге асырылады.

Ветеринарлық инспекция кезінде мал дәрігері жылқының жалпы жағдайын және оның қозғалу сапасын бағалайды. Төмендегі көрсеткіштер назарға алынады: жүрек соғысының жиілігі (минутына 64 соққыдан аспауы керек), көрінетін шырышты қабаттар, капиллярларды толтыру жылдамдығы, дегидратация, перистальтика, бұлшық еттердің жағдайы, терінің күйі (жаралар, сызаттартардың болмауы), Риджвей сынағы, жортудағы қозғалыс сапасын бағалау.

Жылқының метаболикалық көрсеткіштері бұзылған жағдайда оның жалпы жағдайы көңілден шықпаса, ақсап, өздігінен жүре алмайтын болса, жануар жарыстан шеттетілуі мүмкін.

Ұлы Дала Жорығы 2022

Марафон қорытындысы бойынша 4 команда Түркістан қаласындағы мәреге келесі нәтижелермен жетті: 1 орын – құрамында 4 шабандозы бар Маңғыстау облысы (107 сағат, 14 минут, 21 секунд), 2 орын – құрамында 3 шабандозы бар Жетісу облысы (110 сағат, 43 минут, 11 секунд), 3 орын – құрамында 3 шабандозы бар Түркістан облысы (110 сағат, 58 минут, 37 секунд), 4 орын – құрамында 3 шабандозы бар Жамбыл облысы (123 сағат, 24 минут, 04 секунд). Сондай-ақ, Түркістанға командалары жарыс жолынан шыққан шабандоздар да жетті. Олар – Алматы қаласы, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Ұлытау облыстары. Сөйтіп, 1200 шақырымның қорытындысы бойынша 26 шабандоз Түркістан қаласындағы мәреге жетті.

Марафон ережесіне сәйкес жеңімпаз атанып, 1-орынға ие болған Маңғыстау облысының командасына 24 000 000 теңге табысталды. 2-орын алған Жетісу облысының командасының еншісінде 12 000 000 теңге. Ал 3-орынға табан тіреген Түркістан облысының құрамасына 9 000 000 теңге бұйырды. Бұдан бөлек 4-орынға ие болған Жамбыл облысының өкілдері 6 000 000 теңге алды. Сондай-ақ, 13 шабандоз 1 000 000 теңгемен марапатталды. Бұл командаларының жарыстан шығып қалғанына қарамастан финалға дейін жеткен қатысушылар.

Халықаралық деңгейге шығу

 Марафон-бәйгені ұйымдастырушылардың бірі болған Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы «Ұлы дала жорығын» 2024 жылы халықаралық форматта өткізу бойынша жоспары туралы мәлімдеме жасады. Сонымен қатар марафон-бәйгені халықаралық Ат спорты федерациясының (FEI) қолдауымен өткізілетін жарыстардың тізіміне енгізу жоспарлануда.

«ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ – 2023»

 Өткізу жүйесі

 Бағыттың жалпы қашықтығы 1300 шақырымды құрайды және 14 кезеңге (марафонның 14 кезеңі) бөлінеді.

Марафонның бірінші және соңғы кезеңі 50 шақырымды құрайды.

Қалған кезең ұзындығы 100 шақырым (дала, шөл, өзен, көл және т.б.), олар 50 шақырымдық (бақылау нүктесі) екі арнайы бөлімге бөлінеді.

Барлық кезең старт, бақылау нүктесі және фиништан тұрады.

Бағыт

Старт – Астана

Финиш –  Түркістан

Астана қ.

Ақмола облысы

Қарағанды облысы

Атырау облысы

Қызылорда облысы

Түркістан қ.

 Өткізу орны мен уақыты

 Республикалық ат марафоны-бәйгесінің ашылуы 2023 жылдың 5 қыркүйегінде Астана қаласында өтеді. Ал жабылуы 2023 жылдың 19 қыркүйегінде Түркістан қаласында жоспарланған.