ҚҰЖАТТАР

МАҚСАТ-МІНДЕТТЕРІ

Қазақстанға қатысты танымал бренд қалыптастыру және халықаралық аренада ұлттық мәдениеттің насихатын жасау.

Ұлттық ат спортын дамытуға тың серпін беру.

Адам жылқыны алғаш қолға үйреткен, жылқы шаруашылығының негізін қалаған қазақстандық шабандоз – Ұлы даланың «мәдени коды» деген ұғым қалыптастыру.

Жастарды ұлттық мәдениет пен тарихты зерделеуге баулу, ұлттық спортқа деген қызығушылығын қалыптастыру, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңіру.

Қазақстанда ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін жаңа қызықты экскурсиялық және туристік маршруттар ашу.

Қазақы жылқы тұқымдарын танымал ету.

Танымал БАҚ-тар арқылы халықаралық аудитория үшін эксклюзивті танымдық және ойын-сауық контентін жасау.

ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ

1300 шақырым қашықтықтан тұратын маршрут 14 кезеңге бөлінген. Бұл марафонның 14 күніне тең.

Марафонның бірінші және соңғы кезеңдері 50 шақырымнан тұрады.

Қалған кезеңдер ұзындығы – 100 шақырым (дала, шөл, өзен, көл т.б.).

Әр кезең ұзындығы 50 шақырымнан тұратын екі арнайы бөлікке (бақылау бекеті) бөлінеді.

Әр кезең старт, бақылау бекеті, фиништан тұрады.

 

МАРШРУТ

 Астана қаласынан Түркістан қаласына дейін:

  • Астана қаласы
  • Ақмола облысы
  • Қарағанды облысы
  • Ұлытау облысы
  • Қызылорда облысы
  • Түркістан қаласы

Командалар үшін күн сайын арасы 2 минуттан аспайтын 2 рет старт беріледі. Старт таңғы сағат 07.00 мен түскі сағат 14.00 болып белгіленеді.

Бақылау бекеттерінде марафонға қатысушыларды демалыс орындарымен және таңғы, түскі, кешкі аспен қамтамасыз етуді «JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі жүзеге асырады.

Сонымен қатар, шабандоздардың денсаулығын бақылау үшін медициналық бригада жұмысын ұйымдастыруды марафон кезеңдерінің маршруты бойынша Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарының әкімдіктері іске асырады.

Сондай-ақ, аялдамалар кезінде «JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі бекіткен ветеринарлар жылқыларды тексерістен өткізеді.

Шабандоздар немесе жылқылардың физикалық жай-күйі қалыптан тыс екені анықталған жағдайда команда жарыстан шығарылады.

Әр кезеңді толық жүріп өту уақыты шамамен 12 сағатты құрайды.

Қатысушылар марафон бағытын 14 күн ішінде кезең-кезеңімен жүріп өтуі керек.

Барлық командалар үшін марафонның орта кезеңінде Ұлытау облысы, Жезқазған қаласының маңындағы бивакта аттарды ауыстыруға мүмкіндік беріледі.

Форс-мажор орын алған жағдайда (шабандоздың немесе аттың жарақаттануы, қатысушылардың біреуінің кенеттен ауыруы, бір қатысушының марафоннан дәлелді себептермен бас тартуы және т.б.) әр кезеңнің мәресін аяқтауға командада кемі 3 адам болған жағдайда рұқсат етіледі.

ҚАТЫСУШЫ ҰЙЫМДАР

Марафон-бәйгеге 20 команда қатысады. Әр өңірден – 1 команда. Оның құрамында шабандоздар, команда жетекшісі, атбегі және ветеринар болуы керек.

 

ҚАТЫСУШЫЛАР САНЫ

Әр команда 5 шабандоз, аттың жем-шөбіне жауапты адам, бір атбегі және ветеринар, жалпы 8 адамнан құралады және команда құрамында 10 жылқы бар (әр шабандоз 1 рет ат ауыстырады).

 

ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ЖЫНЫСЫ МЕН ЖАСЫ

Марафонға 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Жыныстық ерекшелігі бойынша шектеу жоқ.

НӘТИЖЕЛЕРДІ БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІ

Марафондағы команданың нәтижесі мынандай көрсеткіштердің қосындысымен анықталады:

  • жарыстың нәтижесі;
  • пенализация (жазалау, айыппұл).

Жазалау тәртібі:

Командалар кез келген бақылау нүктесінде төрешілердің нұсқауларын орындауға міндетті. Осы талаптарды орындамағаны үшін командаға марафоннан шеттетуді қоса алғанда, айыппұл салынады.

  • Стартқа кешігу – 15 астрономиялық минут;
  • Белгіленген маршрутты бұзу (жол қысқарту мақсатында маршрутты төтесінен кесу) – 30 астрономиялық минут;
  • Әр кезең аралығында алдын ала белгіленген суат пункттеріне соқпаса, айналып өтсе – 30 астрономиялық минут;
  • Әр кезеңнің шамамен 50 және 100 шақырымында жүргізілетін ветеринарлық тексеруге 1 астрономиялық сағаттан кешігіп келу – 15 астрономиялық минут;
  • Марафон-бәйгенің әр кезеңін 5 астрономиялық сағат ішінде бағындырмаған командаға қолданылатын айыппұл – 15 астрономиялық минут;
  • Әр кезеңнің старт берілгеннен кейін, мәреге дейінгі аралықта жарысқа қатысушы аттарды көлікке тиеп алып жүру команданы жарыстан шеттетуге алып келеді.

Нәтижелерді есептеу үшін секундтар/минуттар/сағаттар өлшеміндегі уақыт бірлігі пайдаланылады.

Марафонның қорытындысы бойынша ең аз уақытта жүріп өткен команда жеңімпаз деп танылады.

Пенализация қорытындысында ең аз көрсеткіш бойынша екінші болған команда екінші орын иегері деп жарияланады, т.с.с.

МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Марафон барысында қатысушыларға медициналық көмек көрсетуді Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарының әкімдіктерімен бекітілген медициналық бригада жүзеге асырады.

ДОПИНГКЕ ЖОЛ БЕРМЕУДІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Допинг-бақылау – күрделі және көпсатылы процесс. Оның тестілеуін жоспарлау, сынамаларды жинау, тасымалдау, нәтижелерін өңдеуді арнайы зертханасыз, далалық жағдайда ұйымдастыру күрделі мәселе. Сол себепті марафон кезінде допинг сынамалары жасалмайды.

ТӨРЕШІЛЕР МЕН МАЛ ДӘРІГЕРЛЕРІНІҢ ҚҰРАМЫ

Марафонның төрешілерін «JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі бекітеді. Төрешілер құрамына шетелдік азаматтар қатыстырыла алады.

Төрешілер мен мал дәрігерлерінің құрамы төмендегідей:

– Шетелдік төрешілер – 2 адам;

– Отандық төрешілер – 2 адам;

– Шетелдік мал дәрігерлер – 2 адам;

– Отандық мал дәрігерлер – 3 адам.

Әр кезеңнен өту нәтижелері бойынша Төрешілер Хаттама толтырады. Марафонның әр кезеңінің нәтижелері бивак аумағында орналасқан ақпараттық тақталарда ілінеді.

«JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі барлық төрешілер мен мал дәрігерлерін марафон кезінде жатын орынмен және көлікпен қамтамасыз етеді.

ӨТІНІМДІ БЕРУ ТӘРТІБІ МЕН МЕРЗІМІ

– Марафонға қатысуға өтінімдер тек спорт саласындағы уәкілетті жергілікті атқарушы органның және «JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің аймақтық өкілдіктерінің келісімімен марафонның www.joryq.com ресми сайтына онлайн режимінде қатысу мақсатындағы өтінімдерді орналастырады. (1-қосымшаны қараңыз).

– Марафонға қатысушыларды тіркеу марафонның басталғаны туралы ресми жарияланғаннан кейін келесі күні басталады және 2023 жылғы 25 тамызға дейін жалғасады.

– Тіркеу парағы №2 қосымшаға сәйкес толтырылады.

ҚАТЫСУШЫЛАРДЫ ТІРКЕУ

– Марафон Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі және «JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі бекіткен Регламентке сәйкес өткізіледі;

– Марафонға қатысу және оған төрелік ету ережелері мен тәртібі марафон Регламентіне сәйкес жүзеге асырылады;

– 5 адамнан тұратын әрбір командада марафонға қатысу үшін 10 мініс ат болуы керек (марафон кезінде бір рет ат ауыстыру мүмкіндігін ескере отырып).

  1. Қатысушылар:

Барлық қатысушылар тіркеу рәсімдерінен өту үшін мынандай құжаттарды ұсынуы керек:

1) денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама;

2) жазатайым оқиғаның салдарынан сақтандырылған қатысушының жарақат алу, мүгедек болу немесе қайтыс болу тәуекелдерін өтейтін спорттық сақтандыру полисі;

3) әрбір қатысушыдан қолхат.

Марафонның әрбір қатысушысы команданың немесе жіберуші тараптың өз қаражаты есебінен жеке қорғаныс каскасымен (шлеммен), тізеден жоғары қорғаныш етікпен (саптама), жәндіктерден қорғау құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс.

Командаға қатысушылардың арасына атбегілер мен мал дәрігерлерін қосу ұсынылады.

  1. Жылқылар:

Марафонда шабатын жылқыларды тану үшін ветеринарлық микрочип пен төлқұжат болуы керек.

Марафонға кез келген жылқы тұқымын қатыстыруға болады.

Марафонға шабатын жылқыларға иесі немесе шыққан аймағы бойынша шектеу қойылмайды.

Марафонға қатысатын барлық аттар тағалануы тиіс.

 

МАРАПАТТАУ ТӘРТІБІ

Регламентке сәйкес, белгіленген қашықтықты бастан-аяқ ең аз уақытта жүріп өткен команда марафонның жеңімпазы деп танылады. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен «Ұлы Дала Сарбазы» атағы беріледі.

Мәреге жеткен марафонның барлық қатысушылары естелік медальдармен марапатталады.

Жүлде қоры «JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің және демеушілер қаражатынан құралады.

 

МАРАФОННЫҢ ЖҮЛДЕ ҚОРЫ:

1 орын – 30 000 000 теңге мен Кубок

2 орын – 20 000 000 теңге мен Кубок

3 орын – 15 000 000 теңге мен Кубок

Жеңімпаз команда толық құрамда мәреге жетпесе, онда жүлде қаржысы пропорционалды түрде бөлінеді.

Команданың 4 мүшесі 1-орынға ие болған кезде жүлде қоры 24 000 000 теңгені құрайды;

Команданың 3 мүшесі 1-орынға қол жеткізген кезде жүлде қоры 18 000 000 теңгені құрайды;

Команданың 4 мүшесі 2-орынға ие болған кезде жүлде қоры 16 000 000 теңгені құрайды;

Команданың 3 мүшесі 2-орынға қол жеткізген кезде жүлде қоры 12 000 000 теңгені құрайды;

Команданың 4 мүшесі 3-орынға ие болған кезде жүлде қоры 12 000 000 теңгені құрайды.

Команданың 3 мүшесі 3-орынға қол жеткізген кезде жүлде қоры 9 000 000 теңгені құрайды;

Марафонды құрамындағы 3 мүшесінен аз адаммен аяқтаған команда жүлдеге ие болмайды.

 

НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚАРАУ ТӘРТІБІ

Наразылықтарды төрешілер алқасына команда жетекшісі тек жазбаша түрде және жарыс аяқталғаннан кейін 20 минуттан кешіктірмей табыс етеді.

Наразылықта спортшылар немесе төрешілер бұзған жарыс регламентінің тараулары мен тармақтарын көрсетуі тиіс. Бас төрешілер алқасы наразылықты қабылдап алуға, оны қарауға, сол бойынша шешім қабылдауға және оны өтініш берушіге барынша аз мерзімде жарыс қорытындыларын бекіткенге дейін жеткізуге міндетті.

ҰЙЫМДАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

–  Бұл Регламент марафонның форматымен жалпы таныстыру, сондай-ақ қатысушылардың командалары үшін өтінім беру, жарысқа дайындау мен аттандыру барысында пайдалану мақсатында әзірленді.

– Марафонды дайындау және өткізу жұмысы «JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігіне жүктеледі.

– «JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізгі функционалдық міндеттері: қатысушыларды тіркеу, марафон маршрутын дайындау, бивактарды ұйымдастыру және үйлестіру, шабандоздарды жатын орынмен, азық-түлікпен және аттарды және жем-шөппен қамтамасыз ету, қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шараның ашылу және жабылу салтанатын өткізу, жеңімпаздарды марапаттау рәсімін ұйымдастыру.

МАРАФОНДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

«JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі әр командаға алдын ала маршрут сызылған GPS навигаторын береді.

«JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі әрбір кезеңнің соңында ашық аспан астында демалыс орындары мен қажетті көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін бивактар тігеді.

«JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі барлық қатысушылар мен аттарды марафонның әр кезеңінде жеткілікті азықпен қамтамасыз етеді.

«JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі әр марафонға қатысушыны логотип салынған арнайы кеудешемен қамтамасыз етеді.

 

БИВАКТАРДЫҢ ЖҰМЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ

«JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі марафонның әр кезеңінде қатысушылардың тамақтануын, демалысы мен түнемелігін ұйымдастыру үшін бивактар орнатады.

«JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі бивак аумағында марафонға қатысушыларды тамақтандыруға арналған шатырмен жабдықтайды. Тамақтану таңғы және кешкі ас дайындауға арналған дала асханасы форматында ұйымдастырылады. Қатысушылар үшін бақылау бекеттерінде түскі ас ұйымдастырылады. Азық-түлік тоңазытқыш жабдығы рефрижераторы бар автокөлікпен жеткізіледі, ол үнемі бивак аумағында болады.

«JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі марафонға қатысушыларды күнделікті медициналық көмек көрсету үшін бивак орталығында медициналық пункт орналасатын шатыр құрады. Медициналық орталықта тәулік бойы марафон өтетін маршрут бойынша жергілікті атқарушы билік органы қамтамасыз ететін жалпы практика дәрігері (ЖПД) кезекші болады.

«JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі бивактың тиімді жұмыс істеуі мен тіршілігін қамтамасыз ету үшін арнайы шатырда Ұйымдастыру комитетінің штабын орнатады.

«JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі қатысушы аттарды жем-шөп, сумен қамтамасыз етеді.

Бивак периметрі бойынша жылжымалы биодәретхана мен себезгі (душ) орнатады. Әр бивак қоқыс пен қалдықтарды шығаруға арналған орынмен жабдықтайды. Қалдықтарды марафон бағыты бойынша арнайы белгіленген жерлерге жергілікті атқарушы билік органдарымен жеткізу жоспарланған.

«JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі әр бивакта дизельдік генераторлардың жұмысын ұйымдастырады.

Марафон жұмысын екі команда қамтамасыз етеді:

Әр бивак марафонның кезекті кезеңін аяқтаған қатысушыларды күтіп алып, келесі кезеңге аттандырады.

№1 бивак қатысушыларды орналастырып жатқан уақытта №2 бивак (бақылау бекеті) тігіле бастайды.

Командаларды аттандырып болған соң №1 бивак жиналып, алдағы кезеңге тасымалданады.

14 күн ішінде №1 бивак пен №2 бивак 14 рет құрастырылып-жиналады.

– Әр команда қатысушылар есебінен спутниктік байланыспен қамтамасыз етілуі керек (әр командаға бір спутниктік телефон);

ҚАРЖЫЛАНДЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Жылқыларға қажетті жабдықтарды (ер-тоқым және т.б.) жеткізу шығындарын, сонымен қатар, аттар мен команда мүшелерінің марафон сөресіне – Астана қаласына келу және марафон мәресі – Түркістан қаласынан қайту шығындарын жіберуші тараптар көтереді.

Марафонды ұйымдастыру және өткізу шығындарын, ашылу және жабылу салтанаты, төрешілер мен мал дәрігерлерінің жұмысын қамтамасыз етуге арналған шығындарды (қонақ үй, тамақтану, жол шығындары/әуе, поезд, авткөлік), имидждік шығындарды, марафонды ұйымдастыру барысындағы әр түрлі қызметтерді және тауарларды сатып алу, қатысушыларды азық-түлікпен, марафон барысында жатын орынмен, аттарды жем-шөппен қамтамасыз ету, сондай-ақ жеңімпаздардың жүлде қоры «JORYQ» ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігіне жүктеледі.

Марафон маршруты бойынша медициналық, өрт, және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облысының әкімдігіне жүктеледі.