ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ
«Ұлы Дала Жорығы» («Тур Великой Степи» – орысша) – Қазақстан аумағында өткізілетін, ал жалпы қашықтығы 1300 шақырымды құрайтын әлемдегі тұңғыш ат марафоны.
Марафон Қазақстанның бос жатқан ен даласында, шөлейт жерлерінде, яғни ауа-райының күрт құбылуы жиі орын алатын климаттық аймақтарында, температура айырмашылығының табиғи жағдайында өткізіледі.
Марафонның бірегей ерекшелігі – жалпы сынақ уақытына арналған жарысты өткізудің командалық принципі. Марафон тұңғыш рет Қазақстанда 1200 шақырымға 2022 жылдың 18-29 қыркүйек аралығында , 5 облыс (Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстары) аумағында өтті.
Жалпы ақпарат
Идеяның авторы – медиа-менеджер Тұрлыбеков Бақытжан Жұмағалиұлы.
«Ұлы Дала Жорығы» нағыз көшпенділердің құндылықтарын – бостандықты, қозғалысты, табиғатпен үйлесімділік пен бірлікті, төзімділікті, саналы тұтынуды (өзіммен бірге тек ең қажеттіні аламын), өзгеге көмектесіп, қуанышыңмен бөлісу қабілетін насихаттайды. Бұның барлығы көшпенділердің мәдени кодын айшықтайды.
Былтыр жорық тұңғыш рет командалық принцип бойынша жалпы сынақ мерзімінде өткізілген болатын. Командалар 5 шабандоздан және 10 жылқыдан (1 шабандозға 2 жылқы) тұрды. Қатысушылар 12 күнде 1200 шақырым қашықтықты бағындырды. Марафон 12 кезеңге (12 күнге) бөлінді. Әр кезең 100 шақырымнан тұрды. Шабандоздарға марафон қашықтығының жартысы еңсерілгеннен кейін, яғни 600 шақырымда жылқыны ауыстыруға рұқсат берілді. Осылайша, әр команданың жеке уақыты белгіленді. Барлық 12 кезеңнің қорытындысы бойынша 1200 шақырымды ең аз уақыттың ішінде жүріп өткен Маңғыстау облысының командасы марафон-бәйгенің жеңімпазы атанды.
Ұлы Дала Жорығы 2022
Марафон қорытындысы бойынша 4 команда Түркістан қаласындағы мәреге келесі нәтижелермен жетті: 1 орын – құрамында 4 шабандозы бар Маңғыстау облысы (107 сағат, 14 минут, 21 секунд), 2 орын – құрамында 3 шабандозы бар Жетісу облысы (110 сағат, 43 минут, 11 секунд), 3 орын – құрамында 3 шабандозы бар Түркістан облысы (110 сағат, 58 минут, 37 секунд), 4 орын – құрамында 3 шабандозы бар Жамбыл облысы (123 сағат, 24 минут, 04 секунд). Сондай-ақ, Түркістанға командалары жарыс жолынан шыққан шабандоздар да жетті. Олар – Алматы қаласы, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Ұлытау облыстары. Сөйтіп, 1200 шақырымның қорытындысы бойынша 26 шабандоз Түркістан қаласындағы мәреге жетті.
Марафон ережесіне сәйкес жеңімпаз атанып, 1-орынға ие болған Маңғыстау облысының командасына 24 000 000 теңге табысталды. 2-орын алған Жетісу облысының командасының еншісінде 12 000 000 теңге. Ал 3-орынға табан тіреген Түркістан облысының құрамасына 9 000 000 теңге бұйырды. Бұдан бөлек 4-орынға ие болған Жамбыл облысының өкілдері 6 000 000 теңге алды. Сондай-ақ, 13 шабандоз 1 000 000 теңгемен марапатталды. Бұл командаларының жарыстан шығып қалғанына қарамастан финалға дейін жеткен қатысушылар.
Ұлы Дала Жорығы 2023
Өткізу жүйесі
Бағыттың жалпы қашықтығы 1300 шақырымды құрайды және 14 кезеңге (марафонның 14 кезеңі) бөлінеді.
Марафонның бірінші және соңғы кезеңі 50 шақырымды құрайды.
Қалған кезең ұзындығы 100 шақырым (дала, шөл, өзен, көл және т.б.), олар 50 шақырымдық (бақылау нүктесі) екі арнайы бөлімге бөлінеді.
Барлық кезең старт, бақылау нүктесі және фиништан тұрады.
Бағыт
Старт – Астана
Финиш – Түркістан
Астана қ.
Ақмола облысы
Қарағанды облысы
Атырау облысы
Қызылорда облысы
Түркістан қ.
Өткізу орны мен уақыты
Республикалық ат марафоны-бәйгесінің ашылуы 2023 жылдың 5 қыркүйегінде Астана қаласында өтеді. Ал жабылуы 2023 жылдың 19 қыркүйегінде Түркістан қаласында жоспарланған.